2018 жылы 14 желтоқсан күні №3 жалпы орта білім беретін мектепте Тәуелсіздігіміздің 27 жылдық мерекесі аясында мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушысы-оқытушысы А.Абилхайров «Отанды қорғау-азаматтық борышың» атты мерекелік шара өткізді. Бұл шараға тәуелсіздік алған жылдары ТМД елдерінің сыртқы шекарасында болған, яғни Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа қатысушылар және аға буын Ауған соғысы ардагерлері арнайы қонақ ретінде шақырылды. Мерекелік шараның ашылу салтанатында Қара Арна ауылдық округі әкімі Ерболат Елеусінов баршаны мерекемен құттықтап, Тәжік-Ауған шекарасында болған жылыойлық ардагерлердің аудан әкімі Азамат Бекетке жазған ұсынысы негізінде Қара-Арна ауылдық округінде Жылыой патриоттық орталығының бөлімшесі ашылып отырғанын хабарлады. Ауылдан осы орталыққа мүше болған азаматтардың тізімін оқыды. Алдағы уақытта ардагерлермен кеңесіп, орталық жоспарына сай патриоттық шаралар өткізуге дайын екендігін жеткізді. Мектеп директоры Ш.Унгарбаева бабалар аңсап өткен ел тәуелсіздігінің қандай қиындықтармен келгендігі туралы кеңінен әңгімелеп өтті.
«Ардагерлер одағы (Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың)» республикалық қоғамдық бірлестігі Құлсары қаласы бойынша филиалының төрағасы Нұрберді Төлеуғожин баршаны Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан тек қана өзінің ішкі мәселелерімен ғана шектеліп қалмағанын, Қазақстан халқы көршілес ТМД елдеріне де өз қол ұшын беріп, бауырлас халыққа қиын кезеңдерден өтуге көмектескенін атап өтті. 1992-2001 жылдар аралығында мемлекетіміз Тәжікстандағы соғыс өртін сөндіруге, бейбітшілік орнатуға 9 мыңнан астам сарбазын жібергенін, олар өз міндеттерін абыроймен өтегенін жеткізді. Шараны ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына және Жылыой патриоттық орталығының ауылдағы бөлімшесін ашуға қолдау көрсеткен ауыл әкімі мен мектеп ұжымына алғыс айтты. Ауған соғысының ардагері Қобылан Байжанов тәуелсіз ел болашағы жастардың қолында екенін атап өтті. Шара барысында мектеп оқушылары Ұлы Отан соғысы батырлары туралы көрініс қойып, АК 74 автоматын жартылай бөлшектеп шашып жинау, оқшантайға оқ жинаудан өз дағдыларын көрсетті. «Сен өз еліңнің патриотысың ба?» тақырыбында 10 «ә» сынып жетекшісі Ғ.Боранкулова «Кеш қалмаңыз!» ток-шоуын ұйымдастырып, «Патриотизм деген не?» деген сұраққа жауап беріп, өз пікірлерін ортаға салды.





















