Адамның өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала –дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып, әрленеді. Барлық бала жақсы мен жаман әдеттерді өзі өскен шаңырақтан үйренеді. Егер отбасында ата-аналар өзара жақсы қарым-қатынаста болса перзенттері де әдепті, тәрбиелі болып өседі. Халқымыз «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр.

№3 жалпы орта білім беретін мектепте 29 қаңтар күні «Тәрбиенің ең тамаша мектебі - отбасы» атты ата-аналар конференциясы өтті.  Конференцияны мектеп психологы Клара Мырзағалиқызы ата-аналардың көңіл-күйлерін анықтау мақсатында тренингпен бастаса, конференцияға аудан орталығынан  арнайы мамандар шақырылды. Атап айтар болсақ, Жылыой АПБ-нің ЖПҚ-ның ЮПТ-ның инспекторы полиция аға лейтенанты Санабаева Әйгерім Бауыржанқызы, Жылыой АПБ-нің ЖПҚ-ның ЮПТ-ның инспекторы полиция лейтенанты Ганиева Гүлдерай Жарылғапқызы, Жылыой ауданы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция майоры Муханова Рысты Жоламановна, Жылыой аудандық емханасының нарколог маманы Мусина Зарифа Шамшадиновна, Жылыой аудандық емханасының гинеколог маманы Есенғожина Зоя Молдахановна, Атырау облыстық СӨС орталығының Жылыой ауданы филиалы     ұйымдастырушы-мейірбикесі Қараманова  Дәмелі Жанасбайқызы. Әр маман өз саласы бойынша түсінік жұмыстарын жүргізе отырып, балаларды қорғау және үлгілі тәрбие беру үшін  ата-аналарға балаларға жауапкершілікпен қарап, болашақ ұрпақтарымыздың денінің саулығын, салауатты өмір салтын сақтауын  басты назарда ұстауы керектігін баса айтып өтті.

 

Мектеп директоры Шолпан Ботайқызы 2018-2019 оқу жылының І жарты жылдық қорытынды есебін бере отырып, ғылыми негізгі пәндерден Республикалық олимпиаданың үш кезеңінде өз білімі мен біліктілігін көрсетіп   жүлделі орынға ие болып, мектептегі  қоғамдық жұмыстарға зор үлесін қосып жүрген оқушылардың ата-аналарын «Алғыс хатпен» марапаттады. Мектеп директорының оқу ісі меңгерушісі Зәмзәгүл Ахатқызы «Ұлттық бірыңғай тестлеудің жаңа форматы» жөнінде мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарына қажетті  мәліметтер мен кеңестер бере отырып, жауапкершіліктің жоғары екендігін айта кетті. Ата–аналар әр мамандарға сұрақ қойып, жауап алды. Конференцияны Қара-Арна ауылдық округі әкімі Ерболат Құлқайұлы қорытындылап, ұсыныстар қабылданды.